Құрметті Ордалы Қосай мырза!
«Математик – математикке» деген мақалаңыз бір студентімнің смартфонына түсіпті.
Өкінішке орай хатыңыз тым ұзақ екен, оған жауап жазбақ түгілі, оқуға шамам жоқ.
Сабақ басталып жатыр, сабақ жоспары, онлайн лекция дайындау, толып жатқан керек емес қағаздар, ол жағын сабақ берген өзіңіз меннен жақсы білесіз. Одан да басқа толып жатқан шаруаларым бар. Студентімнен не шу деп сұрап едім, бір «прикольный» ата «технократ қазақ керек емес» деп қодыраңдап жатыр екен деді. Бота енесін көргенде емшек іздеп қодыраңдайды, атан түйе несімен қодыраңдайды? Атаңа анайы сөз айтпа, ұят болады, жөндеп оқып маған қысқаша мазмұнын айт деп тапсырма бердім. Сөйтсем жүгермек атамызға дәл сыпаттама берген екен. Ақыл жастан деген сөз осындайдан қалған ба деп таң қалдым.
Әр кәлләда бір қиял демекші, сіздің қиялыңызға құрметпен қараймын. Өзгеде өзге қиял болу хұқына сіз де құрметпен қарар деген үмітім бар.
Осымен кіріспе бітсін. Көп сөз бос сөз демеуші ме еді? Қазақстан математика мұғалімдері қоғамы жыл сайын мұғалімдер конкурсын өткізеді. Конкурстың қазақша аты — математикалық айтыс. Айтысқа қатысу ниетіңіз бар екен. Құптарлық жайт. Хатыңыздың соңы былай аяқталады екен.
«Айтысамын десең өзің біл, бірақ енді аямаймын. Барлық ұстаздар бірдей, бүгін ұрысып алса, ертесіне маңдайыңнан сипайды. Мен де солардың бірімін».
«Астапралла» күпіршілік қылмаңыз. Барлық ұстаз бірдей емес. Ұстаздың ұрысқақтығы білігі төмендігінен, білімі таяздығынан. Студент кезімде аздап каратемен айналысқан едім. Сато-сан дейтін қара белбеу ұстазым ең дұрыс кумите болмаған шайқас, сондықтан лажы болғанша шайқасты болдырма деп айтатын. Алайда әріптесің сөз ұқпаса, жұдырықты бірінші сілтесе, оған дәл солай жауап беру міндетің деген сөзі есімде қалыпты.
Мағынасыз айтысқа менің уақытым жоқ. Айтыс ережесін түсіндіре кетейін. Алдымен математикалық конкурсқа қатысуыңыз керек. Оның бірнеше сатылары бар, содан өтіп, менің оқушыларымның бірін жеңуіңіз керек. Өткен жылы бұл конкурс сегізінші рет өтті. Конкурс мұғалімдердің зор қызығушылығын туғызды. Конкурсқа қателеспесем жарты мыңдай өтініш түсіп, жүздейі финалға шықты. Қатысушылар арасында жасы да бар, кәрісі де бар, бәрі болмайтын сөзден шаршадық, өтіріктен шаршадық, бос пәлсәпадан шаршадық, есеп шығарайықшы, ғылым талқылайықшы, оқу мәселерін талқылайықшы, жас ұлтқа пайдалы нәрселерді талқылайықшы деген өтініш айтты. Сіздің хатыңыздың сарынына қарап осы мәселелер сізді де толғандыратын сықылды көрінді. Аманшылық болса жыл аяғында тоғызыншы рет өтер. Соған қатысыңыз. Сөз ұйқаса ма, ұйқаспай ма онда тұрған ештеңе жоқ. Біз сөз құдіретін мойындаймыз. Бірақ математиктер сөздің ғана емес, іс құдіретін де мойындайды. Іс нәтижесіне қарай жалғасар.
Төменде нолінші саты — тісбасар (закуска) есептерін жіберіп отырмын. Вариант есептердің не екенін сізге түсіндірудің қажеті болмас. Бес варианттың біреуі, тіпті екі-үшеуі дұрыс болуы мүмкін. Егер ешқайсысы дұрыс болмаса өз вариантыңызды қосарсыз. Есептер «сәлемі қалай болса, әлейі де солай болады» дейтін формуламен құрастырылған. Сіздің сөзіңізде қандай мағына болса, бұл есептерде де сондай мағына бар. Жауап нұсқалары студентім жинап берген цитаталардан алынған. Сондықтан ренжімессіз. Өзіңізді математикпін деп атапсыз. Менде күмән бар. Математикада дәлел дейтін ұғым бар. Дәлелсіз сөз сапыруда мағына жоқ. Олай болса математик екеніңізді дәлелдеңіз. Жетінші есеп жетінші сынып деңгейіндегі балаларға, сегізінші есеп сегізінші сынып деңгейіндегі балаларға берілетін есептер. Сол есептерді шығарсаңыз күмән сейіледі. Ары қарай сөйлеуге себеп шығады. Мерзім — бір апта. Іске сәт!
Құрметпен, Асқар Жұмаділдаев